Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге
қабiлеттiлiгiн арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы
туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 21 қарашадағы N 1122 Қаулысы
________________________________________
"Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi 2007-2008 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 14 ақпандағы N 108 қаулысын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеу кезiнде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алу ұсынылсын. 3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Қазақстан РеспубликасыҮкiметiнiң 2007 жылғы 20 қарашадағы
N 1122 қаулысымен мақұлданған
Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Астана, 2007 жыл
Бәсекеге қабiлеттi кеңiстiктi, мемлекеттiк тiлдiң дамуы үшiн шарттарды қалыптастыру бiздiң елiмiздiң құқықтық, демократиялық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде нығаюының және одан әрi дамуының стратегиялық мiндеттерiнiң бiрi болып табылады.
Мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтудiң, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегi Заңына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығымен бекiтiлген Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес әзiрлендi.
Осы Тұжырымдаманың құрылымына: Қазақстан Республикасындағы тiлдiк ахуалдың қазiргi жай-күйiн талдау; Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi; Тұжырымдаманы iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiктерi; күтiлетiн нәтижелер кiредi.
Қазақстан Республикасындағы тiлдiк ахуалдың қазiргi жай-күйiн талдау
Қазiргi уақытта Қазақстан жағдайында тiлдердi қолдану ара қатынасына ұдайы ғылыми негiзделген мониторинг, олардың қоғамдық, жеке тұлғааралық қатынастардағы қажеттiлiгiнiң нақты бағасын жүргiзу қажет. Ең алдымен тiлдiң атқаратын қызметiн оның таралу деңгейi, жеткiзгiштер саны және басқа да факторлар арқылы анықтайтын таптаурынды еңсерген жөн.
Орын алған жағдайға талдау жасаудың жекелеген әрекеттерi мемлекеттiк органдар мен мекемелердегi құжат айналымының мемлекеттiк тiлдi тiрек ете отырып сөз жүзiнде, сандық көрсеткiштерге, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар көлемiне, мерзiмдi баспасөз басылымдарын екi тiлде шығару әдетте, мемлекеттiк тiлдегi материалдардың көлемi шағын және сапасы төмен болуына негiзделедi.
Осындай жағдай бiлiм беру жүйесiнде, ғылымда, баспа қызметiнде және тыныс-тiршiлiктiң басқа да салаларында орын алып отыр.
Қазiргi уақытта заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiлде әзiрлеу сапасы да ерекше назар аударуды қажет етедi, терминологияны дамыту, аударма сапасы, азаматтардың тегiн, атын, әкесiнiң атын дұрыс жазу ережелерi, олардың транскрипциясы, қаржы саласында статистикалық есептiлiк және басқа құжаттарды жүргiзу мәселелерiндегi келiспеушiлiктер еңсерiлмеген.
Iс қағаздарына жүргiзiлген талдау орталық мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлде құжат дайындау небары 20-30 %-ды, ал жалпы құжат айналымы көлемiнiң 45-50%-ды құрайтындығын көрсетедi. Жергiлiктi атқарушы органдардың iс қағаздарында орын алған көрсеткiштер өңiрлердегi нақты тiлдiк ахуалды көрсетпейдi. Тiптi қазақ халқы көп тұратын өңiрлерде де бұл көрсеткiш позитивтiк болып табылмайды, себебi бұл ретте негiзгi ауыртпалық осы институттардағы аудармашы мамандарға түседi.
Мұндай жағдайларда мемлекеттiк тiлдi оқыту курстарын ұйымдастыруды жетiлдiру жөнiндегi жұмысты тұрақты түрде жүргiзу қажет, олардың құрылымы тiлдi меңгеру деңгейiн - қарапайым қарым-қатынас жасау деңгейiнде меңгерудi ғана емес, сонымен қатар құжаттарды өз бетiнше дайындауды болжайтындай мейлiнше тұрақты болуы тиiс. Бүгiнгi күнге дейiн қазақ тiлiн оқытушы мамандардың, сондай-ақ аудармашы мамандардың жетiспеушiлiгi сезiледi.
Бұл мәселеге қатысты оң деп тануға болатын әрекеттерге қарамастан, жалпы ахуал ерекше бақылауды талап етедi. Бұл жағдайда орталық және жергiлiктi мемлекеттiк атқарушы органдарда мемлекеттiк тiлдегi құжат айналымының көлемiн бiртiндеп ұлғайту туралы сөз болуға тиiс.
Сондықтан орын алып отырған мән-жайларға байланысты iс қағаздарында мемлекеттiк тiлдiң оның даму басымдылығын ескере отырып, қолданылуының оңтайлы үйлесiмдiлiгiн, қолайлы ара қатынасын қалыптастыру қажет. Тiл саясатын табысты iске асыру бұқаралық ақпарат құралдары қызметiн тиiмдi ұйымдастыруға, тiл мәдениетiн БАҚ арқылы белсендi түрде насихаттауға, тiлдiк ортаны қалыптастыруға, түрлi бiлiм беру бағдарламаларын жасауға, тiл мәдениетiне тәрбиелеуге байланысты. Республикада сөз және шығармашылық бостандығын қамтамасыз етуде белгiлi нәтижелерге қол жеткiзiлдi. 2300-ден астам газет пен журналдар шығарылады. Алайда олардың тек 458-i ғана мемлекеттiк тiлде. 215 орталық және жергiлiктi теле және радиоарналар жұмыс iстейдi, олардың iшiнде тек 5-еуi мемлекеттiк тiлде хабар бередi.
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес бұқаралық ақпарат алу және оны тарату кезiнде әркiмнiң ана тiлiн пайдалану құқығын қамтамасыз етедi. Осы Заңмен мемлекеттiк тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемi уақыты бойынша басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс. Мемлекеттiк тiлдегi хабарларды таратудың тәулiктiк кестесiне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкiл кезең iшiнде бiркелкi жүзеге асырылуға тиiс.
Дегенмен, тiл саясатын, тiлдi дамыту саласындағы заңнаманы iске асыруға байланысты проблеманы, әсiресе, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында, тек тiлдердiң үйлесiмдiлiгiнiң сандық сәйкессiздiгiне ғана емес, басқа да аспектiлерде қарастыру қажет.
Көптеген электрондық БАҚ заңнама нормаларын орындауға сөз жүзiнде және атүстi қарағаны белгiлi. Мемлекеттiк тiлдегi телебағдарламалардың түнгi уақытқа орналастырылған хабарлар торын жоспарлау бiрнеше рет сынға ұшырап, нәтижесiнде бұл проблеманы саясиландыру әрекетi жасалды.
Тiл және сөйлеу мәдениетiн қалыптастыруға, сайып келгенде, жетiстiкпен меңгеруге ықпал ете алмайтын көптеген хабар сапасының төмендiгi, бағдарламалардың өзектi еместiгi, тартымды болмауы басқа проблема болып табылады. Бұл жағдайда теле және радиобағдарламаларда шығармашылық дайындықтар жақсы үлгi болуға тиiс. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiлдiк сауатсыздықты жою, терминдердi тиiмдi және орнымен қолдану, хабарлардың бiрсарындылығы мен ғибраттылық сипатын еңсеру, мемлекеттiк тiлдегi ерекше бағдарламалардың көлемiн ұлғайту, отбасылық тәрбиеге көңiл бөлу және т.б. қажет.
Тiлдердi дамытуға және тiлдiк мәдениеттi қалыптастыруға негiз болатын тiл саясатын iске асырудағы маңызды салалардың бiрi оқу орындары, жалпы алғанда елдегi бiлiм жүйесi болып табылады. Демократиялық, саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асыру, әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың жақсаруы оқу орындарында оқыту және тәрбие беру сапасын жақсарту, тiлдердi қолданудың оңтайлы үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн жаңа мүмкiндiктер бередi.
Егер 90-жылдардағы экономикалық дағдарыстар кезiнде мектепке дейiнгi балалар мекемелерi, интернаттар, кәсiптiк техникалық училищелер саны қысқарып, көптеген бастауыш, шағын мектептердi оңтайландыру жүргiзiлсе, қазiргi кезеңде қазақ тiлiнде оқытатын орта және жоғары бiлiмдi тұрақты дамытуға, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн толығымен қайта жаңғыртуға толық мүмкiндiк туып отыр.
Осыған байланысты бiлiм беру жүйесiн дамыту мемлекеттiк тiл саясатын, ел өңiрлерiндегi демографиялық жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылуға тиiс. Қазiргi уақытта Қазақстанда 7800-ден астам жалпы бiлiм беретiн мектептер мен лицейлер жұмыс iстейдi, олардың iшiнде 3500-ге жуығы қазақ тiлiнде оқытады, 500-ден астам колледж, 140-қа жуық жоғары оқу орындары бар. Колледждер мен жоғары оқу орындарында мамандарды мемлекеттiк тiлде дайындауды ұйымдастыру неғұрлым белсендi және тұрақты бола бастады.
Бiлiм беру сапасын бағалау өлшемi тек оқытылатын тiлге ғана емес, барлық бiлiм салаларында болашақ мамандарды даярлаудың басқа да параметрлерiне тәуелдi болуы тиiс. Сондықтан мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде мамандарды даярлауда орын алған сәйкессiздiктердi еңсеру үшiн, ең алдымен, бiлiм беру сапасын, оқу процесiн ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз етудi жақсарту қажет, бұған олардың бәсекеге қабiлеттiлiгi тәуелдi.
Бiлiм беру жүйесiнiң алдында тiлдiк дайындау маңызды элементтерiнiң бiрi болып табылатын жоғары сапаға, халықаралық стандарттарға негiзделген бiлiм беру процесiнiң үздiксiздiгi қағидатын жүзеге асыруға қол жеткiзу мiндетi тұр. Мектепке дейiнгi тәрбие кезеңi, жалпы бiлiм беретiн мектепте бiлiм алу уақыты тiлдi меңгеру үшiн аса тиiмдi болып саналады.
Әлемдiк қоғамдастықтағы жаһандану процесi жаңа технология параметрлерiне сәйкес болашақ мамандарды даярлауды, тiлдiк көрсеткiштер бойынша ақпараттық шектеулердi еңсерудi жүзеге асыруды талап етедi.
Сонымен бiрге қоғамда бiлiм беру сапасының деңгейiне, әсiресе мемлекеттiк тiлде тiкелей оқытуға негiзделген жоғары талап қойылуда екендiгiн мойындауымыз қажет.
Талдаудағы статистикалық мәлiметтер iстiң нақты жағдайын бере алмайтындығын көрсетедi. Мәселен, 2006-2007 оқу жылының мәлiметтерi бойынша республикадағы қазақ мектептерi олардың жалпы санының 48%-ын құрады, мектеп жасындағы ұлты қазақ балалардың 80%-дан астамы қазақ мектептерiнде оқиды.
Алайда, қазақ мектептерiнiң дамуындағы кейбiр жағымды үрдiстердi айта отырып, олардың 80%-ы ауылдық жерлерде орналасқандығын, 50%-дан астамы шағын жинақты екендiгiн атап өткен жөн. Бұл жағдай осы шағын жинақты мектептердiң оқушыларының, педагогтарының кiтапханаларға, мәдениет мекемелерiне баруын, ақпараттық технологиялар, қашықтан бiлiм алу, Интернет және басқа мүмкiндiктерiн пайдалануын қамтамасыз етуге елеулi кедергi келтiредi. Ауылдық жерлердiң көптеген мектептерiнде шет тiлiн оқыту мамандары жоқ, ал қала мектептерiнде олардың болмауы мамандардың материалдық қызығушылығының жетiспеушiлiктерiмен түсiндiрiледi.
Қажеттi оқу сапасының, оның iшiнде, тiлдiң және тiл мәдениетiнiң қалыптасуын қамтамасыз етуге жалпы бiлiм беретiн мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқулықтардың, оқу құралдары мен әдiстемелiк әдебиеттердiң жетiспеушiлiгi кедергi тудырады.
Соңғы жылдары мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде мамандар мемлекеттiк тiлдегi бiрегей оқулықтар, оқу құралдарын, басқа да көпшiлiк әдебиеттер әзiрлеудi жүзеге асыруда. Алайда жалпы бiлiм беретiн мектептерге арналған оқулықтардың, оның iшiнде электрондық, балама оқулықтардың, оқу құралдарының, компьютерлiк бағдарламалардың көп таралыммен шығарылуына қарамастан, жергiлiктi атқарушы органдар бiлiм ұйымдарын жеткiлiктi дәрежеде олармен қамтамасыз етпей отыр.
Осылайша тiлдiк ахуалды талдау елiмiзде мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесiн нығайту жөнiнде жүйелi жұмысты жалғастыру, тiлдiк ортаны қалыптастыру, тiл мәдениетiне тәрбиелеу, тiлдердi дамытуды одан әрi жалғастыруға жағдайлар жасау жөнiнде шаралар қабылдау қажет екендiгiн көрсетедi. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi Тұжырымдаманың мақсаты - Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi ретiнде қазақ тiлiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн нормативтiк-құқықтық база және қажеттi жағдай жасау. Мақсатқа жету мынадай мiндеттердi шешу жолымен жүзеге асырылады: мемлекеттiк тiл саясатының мәселелерi бойынша заңнаманы жетiлдiру; ұлтаралық келiсiм мен қазақстандық патриотизмдi нығайтудың факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң рөлiн арттыру; мемлекеттiк тiлдi оқыту сапасын жақсарту; мемлекеттiк тiлдiң ақпараттық кеңiстiгiн кеңейту және тiл саясаты саласындағы стратегиялық жоспарлаудың тиiмдiлiгiн арттыру. Тұжырымдаманы iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiктерi Мемлекеттiк тiл саясатының мәселелерi бойынша заңнаманы жетiлдiру мынадай жолдармен жүзеге асырылатын болады: заңнаманы қолданылу аясын кеңейту бөлiгiнде жетiлдiру; "Қазтест" қазақ тiлiн бiлу деңгейiн бағалау жүйесiн енгiзудiң функционалдық аспектiлерiн реттеу; мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн қазiргi жағдайларды ескере отырып нығайту, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру; меншiк нысанына қарамастан мемлекеттiк органдар мен барлық ұйымдардың алқа мәжiлiстерiн, халықаралық келiссөздер мен келiсiмдердi, ресми iс-шараларды мемлекеттiк тiлде өткiзу практикасын енгiзу. Ұлтаралық келiсiм мен қазақстандық патриотизмнiң факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң рөлiн арттыру мақсатында мынадай мәселелердi пысықтау орынды: қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайлар жасау; Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа заңнамаға сәйкес ұйымдастырушылық ақпараттық-идеологиялық сипаттағы жүйелi шараларды жүзеге асыру; бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әсiресе, жаңа буын арасында түсiндiру-насихаттау жұмысын жандандыру; мемлекеттiк тiлдi насихаттау жөнiндегi жұмысқа қатысуда ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерiн, ұлттық-мәдени орталықтардың өкiлдерiн материалдық-моральдық ынталандыру; кезеңдiлiк, кезектiлiк, мақсат бiрлiгi, шамадан тыс саясиландырудан бас тарту қағидаттары арқылы шараларды жүзеге асыру; мемлекеттiк тiлдiң рөлiн арттыру мақсатында қоғамда тiлдiк мәдениеттi нығайту, тiлдiк ортаны қалыптастыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыру. Мемлекеттiк органдардың, меншiк нысанына қарамастан барлық ұйым қызметкерлерiнiң, ел азаматтарының мемлекеттiк тiлдi игеруi үшiн қажеттi жағдайлар жасау мыналар арқылы iске асырылатын болады: қоғамның жалпы мәдениетiнiң бiр бөлшегi ретiнде үздiксiздiк қағидаты негiзiнде мемлекеттiк тiлдi оқытудың жүйесiн ұйымдастыру; мектепке дейiнгi жастағы балаларға әлеуметтiк коммуникация дағдыларын дарыту мақсатында қазақ тiлiнде жүзеге асырылатын мектепке дейiнгi ұйымдардың желiсiн кеңейту; жалпы бiлiм беретiн мектептерде тiл мәдениетiне тәрбиелеу және жаңа ерекше оқулықтарды, оқу құралдарын, оның iшiнде электрондық сөздiктердi пайдалану; оқу орындары түлектерiнiң әлеуметтiк және лингвистикалық кеңiстiкке табысты кiрiгуiн қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарында мемлекеттiк тiлдi оқытудың сапасын жақсарту; орыс тiлiнде оқытатын және басқа ұлттық мектептерде қазақ тiлiн оқыту бағдарламаларын жетiлдiру; жұмысы түпкiлiктi нәтижеге бағытталуға және сандық ғана емес, сапалық параметрлермен бағалануға тиiс мемлекеттiк тiлдi дамыту мәселелерiмен айналысатын орталықтар жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру. Мемлекеттiк тiлдiң ақпараттық кеңiстiгiн кеңейту және тiл саясаты саласындағы стратегиялық жоспарлаудың тиiмдiлiгiн арттыру мынадай жолдармен жүзеге асырылатын болады: қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды, компьютерлiк бағдарламаларды, Интернет пен қашықтықтан оқытуды пайдалану; тiл мәдениетiн тәрбиелеуге ықпал ететiн мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiндегi теле және радиобағдарламалар беделiн арттыру; балалар мен жастар арасындағы балалардың қазақ тiлiн бiлуге қызығушылығын ынталандыру, тәрбие жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру; мемлекеттiк органдардың веб-сайттарын мемлекеттiк тiлдегi сапалы ақпаратпен толықтыру және электрондық дерекқор жасау; Интернет желiсiндегi қазақ сегментiнiң жан-жақты дамуына және кеңеюiне ықпал ететiн ақпараттандыру саласында бағдарламалар әзiрлеу; бiлiм, ғылым, мәдениет, технологиялық алмасу, статистика және тағы басқа салалар бойынша бiрыңғай дерекқор жасау; теле және радио бағдарламаларда, басылымдарда, оқулықтарда, кiтаптарда, жарнамаларда, хабарландыруларда, географиялық атаулардың жазылуында және басқаларында әдеби тiл нормаларының сақталуына ықпал ететiн шаралар жүйесiн қалыптастыру. Күтiлетiн нәтижелер Тұжырымдаманың қағидаларын iске асыру елде мемлекеттiк тiлдiң сапалы дамуына, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн нығайтуға жағдай жасауға мүмкiндiк бередi. Жоғарыда көрсетiлген шараларды шешу елдегi тiлдiк ахуалды сапалы түрде жақсарту үшiн оңтайлы жағдай жасауға, тiлдiк ортаны қалыптастыруға, мемлекеттiк тiл саясатын iске асыру тетiктерiн жетiлдiруге, елiмiздiң мемлекеттiк тiлi ретiнде қазақ тiлiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға ықпал етедi. Жалпы алғанда Тұжырымдаманы iске асыру: мемлекеттiк тiлдiң оқыту сапасын жақсартуға; мемлекеттiк тiлдiң қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында қолданылуын қамтамасыз етуге; ұлтаралық келiсiм мен қазақстандық патриотизмдi нығайтудың факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң рөлiн арттыруға; мемлекеттiк тiлдiң тиiмдi ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыруға ықпал етедi.
|